Қазақстандық әуе компаниялар ұшақтарда интернет желісін іске қосады
Алғашқы интернетпен қамтылған ұшақтар 2026 жылдың соңына қарай пайда болуы мүмкін
Қазақстандық әуе компаниялар әуе кемелерінде спутниктік интернетті енгізуге дайындалып жатыр. Алғашқы интернетпен қамтылған ұшақтар 2026 жылдың соңына қарай пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әуе кемелерін спутниктік интернетке қосу жоспары туралы бұған дейін Үкімет өкілдері мәлімдеген болатын. Жоба алғаш болып Boeing 787 Dreamliner сияқты алысқа ұшатын әуе лайнерлеріне енгізіледі деп күтілуде.
Freedom Cloud компаниясының бас директоры Темірлан Зиналабдиннің айтуынша, бұған дейін бортындағы байланысқа жабдықтардың қымбаттығы мен спутниктік сигналдың шектеулілігі кедергі болған.
Ал қазіргі таңда төмен орбиталық спутниктер жүйесінің пайда болуы интернет жылдамдығын арттырып, сигнал кідірісін азайтты.
Әлемдегі ірі әуе тасымалдаушылары интернетті ұшу кезіндегі базалық қызметтердің қатарына енгізіп жатыр. Мәселен, Qatar Airways Boeing 777 ұшақтарын толықтай Starlink жүйесімен жабдықтауды аяқтап, енді Airbus A350 және Boeing 787 әуе кемелеріне орнату жұмыстарын жалғастыруда. Ал United Airlines өз әуе паркінің барлығын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Мамандардың сөзінше, борттағы байланыс тек жолаушылар үшін емес, әуе компаниялары үшін де тиімді. Бұл рейстердің ұшып-қонуы, ауысып отыру туралы хабарламаларды жедел жіберуге және жердегі техникалық қызметтерге мәліметтерді жылдам беруге жол ашады.
Жобаны енгізудегі басты мәселе – экономикалық шығындар. Жаңа ұшақтарды интернетпен жабдықтау бұрыннан пайдаланылып келе жатқан борттарды қайта модернизациялаудан әлдеқайда арзан әрі оңайырақ.
Сондықтан отандық авиацияда технология сатылы түрде енгізілмек: алдымен алыс қашықтыққа ұшатын жаңа әуе кемелерінде, кейіннен қалған флотта пайда болады.