Ақмола облысында 230 гектардан астам алаңды шарпыған шөп өрті толық сөндірілді
Облыстың ТЖД тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға және құрғақ шөпті өртемеуге шақырады
Ақмола облысының бірнеше ауданында тұтанған құрғақ өсімдік өрті ТЖД мен орман шаруашылықтарының күшімен толықтай ауыздықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кеше Атбасар ауданындағы Сочинское ауылының маңында, Ақкөл ауданындағы Еңбек және Бейтоғай ауылдық округтерінде, Ақкөл қаласының шетінде, Целиноград ауданындағы Бозайғыр ауылының маңында, Қабанбай батыр және Тасты ауылдарының шетінде, Жақсы ауданындағы Тайпақ ауылының маңында, Қорғалжын ауданындағы Кенбидайық ауылының маңында құрғақ шөптің жану оқиғалары тіркелді.
Ақмола облысы ТЖД, «Қазавиақұтқару» АҚ, жергілікті атқарушы органдардың, «Жасыл аймақ» РМК, Уәлиханов ауылының АҚ, «Ақкөл орман шаруашылығы» КММ, «Степногорск орман шаруашылығы» КММ, «Краснобор орман шаруашылығы» КММ, «Ерейментау орман шаруашылығы» КММ және басқа да қызметтердің үйлесімді іс-қимылының арқасында барлық жану ошақтары толықтай сөндірілді. Елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Жалпы жану аумағы 230 гектардан асты.
Ақмола облысының ТЖД тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға және құрғақ шөпті өртемеуге шақырады