Қазақстанда теміржол вокзалдары ауқымды түрде жаңартылуда: Орал мен Борандыда жаңа кешендер ашылды
Бүгінгі таңда еліміз бойынша Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды жобаның арқасында 70 вокзал толық жаңартылды
Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында екі бірдей нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды жобаның арқасында 70 вокзал толық жаңартылды. Соның ішінде Орал қаласындағы вокзал кешені мен Жамбыл облысындағы Боранды станциясының ғимараттары заманауи талаптарға сай жабдықталып, жолаушылар үшін есігін айқара ашты.
Орал қаласында ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін толықтай жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің және Батыс Қазақстан облысының басшылығы, теміржол саласының ардагерлері, жастар өкілдері, құрылысшылар мен жобаны жүзеге асыруға атсалысқан мамандар қатысты.
1983 жылы салынған вокзал ғимараты толық жаңғыртылып, жолаушыларға арналған кеңістіктер кеңейтіліп, заманауи талаптарға сай жабдықталды. Платформаларға апаратын жаңа жаяу жүргіншілер өткелі салынды, заманауи навигация және қауіпсіздік жүйелері орнатылды. Вокзалдың өткізу қабілеті 700 адамға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға және балалы отбасыларға қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде вокзал тәулігіне 1,8 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетіп, өңіраралық және халықаралық бағыттар бойынша қатынайтын 8 пойыздың қозғалысына қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ Жамбыл облысындағы Боранды станциясының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жобаны іске асыру аясында вокзал ғимаратының шатыры орнатылып, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар кәріз,су, жылу және электрмен жабдықтаудың сыртқы және ішкі инженерлік желілері жаңғыртылды, жолаушылар платформасы қайта жөнделіп, іргелес аумақ абаттандырылды. Вокзалға жаңа жиһаз бен заманауи жабдықтар орнатылды. Қайта жаңғырту барысында отандық өндірістің сапалы әрі ұзақ мерзімге төзімді материалдары пайдаланылды.
1905 жылы салынған Боранды станциясының теміржол вокзалы қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін жалпы аумағы 309,65 шаршы метрді құрайтын заманауи бір қабатты ғимаратқа айналды. Станция арқылы Алматы, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Бурабай курорты, Павлодар, Семей, Петропавл, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Шымкент және Қызылорда қалаларына, сондай-ақ Ресей Федерациясына қатынайтын 20 жолаушылар пойызы жүреді.
Бұл жаңғырту жұмыстары өңірлердегі жолаушылар тасымалының сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, еліміздің көлік байланысын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.