Петропавлда 10-сынып оқушысынан туберкулездің ашық түрі анықталды
Енді мектептің 2-11 сынып оқушылары мен ұжымы медициналық тексеруден өтіп жатыр
Петропавл қаласындағы №17 Ұлттық қайта өрлеу мектеп-кешенінің 10-сынып оқушысынан туберкулездің ашық түрі табылды. Енді мектептің 2-11 сынып оқушылары мен ұжымы медициналық тексеруден өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мектеп басшылығының айтуынша, оқушы сабаққа соңғы рет 30 мамырда қатысқан. Ал маусымның соңында жоспарлы флюорография кезінде оған пневмония диагнозы қойылып, кейін компьютерлік томография арқылы туберкулез расталған. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы аурудың созылмалы пневмония салдарынан асқынып кетуі мүмкін екенін болжайды.
Оқиғаға байланысты қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы арнайы тексеруді бастады. Қазіргі таңда мектептегі 1000-нан астам оқушы мен педагог байланыста болғандар ретінде бақылауға алынды. Ошақтарда дезинфекциялау және эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ата-аналар чаттары арқылы 2–11-сынып оқушыларына емханаларда медициналық тексеруден өту туралы хабарламалар жіберілді.
Мамандардың мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі жыл ішінде туберкулездің ашық түрі бойынша бірде-бір жағдай тіркелмеген.