«Daryn.online» платформасында 4,2 млн деректің таралуы расталмады – Цифрлық даму министрлігі

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті «Daryn.online» ЖШС-не жүргізілген жоспардан тыс тексеруді аяқтады

«Daryn.online» платформасында 4,2 млн деректің таралуы расталмады – Цифрлық даму министрлігі
Фото: © istockphoto.com

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті «Daryn.online» ЖШС-не жүргізілген жоспардан тыс тексеруді аяқтады. Желіде тараған 4,2 миллион қолданушының дербес деректерінің таралуы туралы ақпарат расталған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тексеру барысында білім беру платформасының қорында нақты 90 мыңнан астам жазба бар екені анықталды. Осыған байланысты мамандар жарияланымдарда айтылған көлемдегі деректердің әшкереленуі мүмкін еместігін алға тартты.

Сондай-ақ тексеру нәтижесінде «Daryn.online» тарапынан дербес деректерді қорғау бойынша міндетті ұйымдастырушылық және техникалық талаптардың толық орындалмағаны белгілі болды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 79-бабына сәйкес «Daryn.online» ЖШС-не әкімшілік айыппұл салынды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жеке ұйымдарға дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында міндетті талаптарды еске салады. Ең алдымен, деректер тек пайдаланушының келісімімен және қажетті көлемде ғана жиналып, өңделуі тиіс. Сонымен қатар ұйымдарда дербес деректерді қорғауға қатысты ішкі құжаттар бекітіліп, осы бағытқа жауапты тұлғалар тағайындалуы қажет. Киберқауіпсіздікті күшейту үшін аутентификация жүйесін енгізу, оқиғалар журналын жүргізу және шифрланған байланыс арналарын пайдалану міндеттеледі. Бұдан бөлек, дербес деректер базасы Қазақстан Республикасының аумағында орналастырылуы тиіс. Ал деректердің қауіпсіздігіне қатысты оқыс оқиға болған жағдайда, бұл туралы уәкілетті органға бір жұмыс күні ішінде хабарлау қажет.