«Алла кімнің кім екенін көрсетті»: Ұлдана Мырзуанның әпкесі жан сырын ақтарды

Автор: Алмас Ерсін

Сымбат Мырзуан әлеуметтік желіде жазба жариялап, көпшілік талқылаған видеоға қатысты пікір білдірді

видеодан скриншот

Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, адамдарға көмек көрсетемін деп жүріп ауыр жарақат алған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның жолдасы Зейнет Әділеттің қайта үйленгені туралы ақпаратты марқұмның әпкесі Сымбат Мырзуан растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Сары шөжегім, сіңлім... Сені қинады-ау, тыныштық бермеді-ау... Жаныңның қанша ауырғанын жүрегім сезеді. Бірақ Алла Тағала кімнің кім екенін көрсетті. Аллаға шүкір! Менің үнсіз қалғаным – бәріне көніп, әке-шешемді таптатқым келгені емес. Мен үнсіздікті әлсіздіктен емес, сабырдан таңдадым. Ең бастысы – әке-шешемнің көзін ашу, халықтың көзін ашу, шындықтың бетін көрсету еді. Менің бар тілегенім – адалдық пен әділдікке жету. Айтарым көп... Өте көп. Бірақ кейбір сөзді уақыттың өзі айтып береді. Кейбір шындықты түсіндірудің қажеті жоқ – оны Алланың өзі көрсетеді. Аллаға шүкір, бүгін көп нәрсенің беті ашылды. Ең бастысы, ешкімнің алдында емес, Алланың алдында жүрегім тыныш», – деп жазды әпкесі.

Еске салайық, бұған дейін желіде марқұмның күйеуі Зейнет Әділеттің қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң шаңырақ көтерген видеосы тарап кеткен болатын. Желі қолданушылары бұл оқиғаны сынға алып,Ұлдана Мырзуанның жолдасы тым болмағанда марқұмның жылы өткенін күтуі керектігін айтты. Ал Зейнет Әділетке тұрмысқа шыққан қыздың ұзатуы Тараз қаласында өткен.

Айта кетерлігі, 2025 жылдың 30 қыркүйекте Ұлдана Мырзуан реабилитолог-дәрігер Әділет Зейнелге тұрмысқа шыққан. Екеуі 8 жыл бойы араласып жүрген. 

23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан Астанада тұрғын үй ғимаратының қасбеті құлаған кезде зардап шеккендерге көмек көрсетуге ұмтылып, ауыр жарақат алған болатын. Кейін ол ауруханада көз жұмды.

2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған болатын. Оқиға орнына алғашқы болып жеткендердің қатарында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болды. Зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы үзіліп түсіп, Ұлдана мен оның әріптесінің басына тиген. Сол қайғылы оқиға салдарынан жалпы бес адам түрлі жарақат алды.

Жас маман он күн бойы жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Дәрігерлер қолдан келген ем-домның бәрін жасағанымен, 2025 жылғы 18 қарашада 23 жастағы Ұлдана Мырзуан қайтыс болды. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның ерлігін жоғары бағалап, марқұмды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.

Кейін Астанадағы медициналық колледждердің біріндегі оқу аудиториясына Ұлдана Мырзуанның есімі берілді. Бұл шешім оның қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен жанқиярлығы мен кәсібіне адалдығына көрсетілген құрмет ретінде қабылданды.

Ал 2026 жылдың ақпан айында марқұмның жұбайы Әділет Зейнел әлеуметтік желідегі парақшасында Ұлдананы әлі де сағынатынын білдірген жазба жариялаған еді. Ол түсінде жарымен кездескенін айтып, жан тебірентерлік естелігімен бөліскен.