2026-2027 оқу жылындағы каникул кестесі жарияланды: оқушылар қашан демалады?
Жаңа оқу жылының басталу және аяқталу мерзімі, каникул күндері мен бітіру емтихандарының кестесі белгілі болды
Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі 2026-2027 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ мектеп оқушыларының каникул күндері мен қорытынды аттестаттау уақытын белгіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бекітілген кестеге сәйкес, жаңа оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Оқушылар қашан демалады
Жаңа оқу жылында үш каникул кезеңі қарастырылған:
- күзгі каникул – 2026 жылғы 26 қазаннан 1 қарашаға дейін, 7 күн;
- қысқы каникул – 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін, 14 күн;
- көктемгі каникул – 2027 жылғы 22-28 наурыз аралығы, 7 күн.
Бірінші сынып оқушылары үшін 2027 жылғы 8-14 ақпан аралығында қосымша демалыс беріледі.
Министрліктің мәліметінше, оқу тоқсандарының ұзақтығы мынадай болады:
- I тоқсан – 8 оқу аптасы;
- II тоқсан – 8 оқу аптасы;
- III тоқсан – 10 оқу аптасы;
- IV тоқсан – 8 оқу аптасы.
Бітіру емтихандары қашан өтеді
9 (10)-сынып оқушыларының қорытынды аттестаттауы 2027 жылғы 31 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді.
Ал 11 (12)-сынып оқушыларына арналған мемлекеттік бітіру емтихандары 2027 жылғы 1-17 маусым аралығына жоспарланған.
Оқу-ағарту министрлігі әр пән бойынша бітіру емтихандарын өткізу кестесі тиісті бұйрықпен бекітілгенін хабарлады. Толық ақпарат ведомствоның ресми ақпараттық ресурстарында жарияланған.