«Байтақ» партиясы «Жасыл Мекен» кәсіпорнына барды

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол Ақтөбеде орналасқан

Фото: Байтақ

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай сайлауына кандидаты Айман Сексенова сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Жасыл Мекен» компаниясына барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұжыммен кездескен кандидат партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын жан-жақты таныстырды. Қоршаған ортаны қорғау, халық денсаулығын сақтау, тұрақты даму және өмір сүру сапасын арттыруға негізделген бастамаларға тоқталды. Сондай-ақ экологиялық ағарту мен заманауи экологиялық жобаларды жүзеге асырудың маңызын сөз етті.

«Жасыл Мекен» компаниясымен көпжылдық серіктестік байланыстамыз. Осы аралықта экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге бірқатар жобаны бірлесіп жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы ынтымақтастығымыз жалғасады деп сенемін», - деп атап өтті кандидат.

Тараптар экологиялық жауапкершілікті күшейту, қоғамның экологиялық санасын арттыру және өңір тұрғындарының игілігіне қызмет ететін жаңа жобаларды іске асыру мәселелерін талқылап, пікір алмасты.

Партия өкілдері мұндай кездесулер сайлауалды бағдарламаның басымдықтарын таныстырумен қатар, экология саласында тәжірибесі бар мамандардың ұсыныстарын ескеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.