Respublica кандидаттары Еуразиялық энергетикалық корпорация ұжымымен кездесті

Олар ұжымның сұрағына жауап берген

Respublica кандидаттары Еуразиялық энергетикалық корпорация ұжымымен кездесті
Фото: Respublica

Павлодар облысында Respublica партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттары еліміздегі ірі энергетикалық кәсіпорындардың бірі – «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуде салық саясаты, моноқалаларды дамыту, уақыт белдеуі, еңбекке ақы төлеу, кадр тапшылығы және өндірістегі еңбек жағдайлары секілді өзекті мәселелер талқыланды.

Партия төрағасының орынбасары Олжас Құспеков Respublica нақты экономиканың өкілдерін – кәсіпкерлерді, өнеркәсіпшілерді, дәрігерлерді, мұғалімдерді және аграршыларды біріктіретін партия екенін атап өтті.

«Бір кездері бизнесте қазіргі табысымнан бірнеше есе көп табыс таптым. Бірақ көптеген мәселені сырттан бақылап емес, шешім қабылдайтын жерде жүріп өзгертуге болатынын түсіндім. Сондықтан саясатқа келдім. Біз балаларымыз өмір сүретін күшті Қазақстанды бірге құруымыз керек», – деді Олжас Құспеков.

Құрылтай депутаттығына кандидат Бекжан Айтқұлов партия өндіріс пен бизнестің мәселелерін теория жүзінде емес, өз тәжірибесі арқылы білетін адамдардан құралғанын айтты.

Дәурен Мүнкебаев жүйелі реформалардың уақыт пен табандылықты талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, құрылыс материалдары өндірісіндегі өзекті мәселені шешуге партиямен бірге шамамен бір жарым жыл жұмыс жүргізілген.

«Нақты нәтиже бір күнде келмейді. Бірақ мәселені соңына дейін жеткізетін ұстаным ғана өзгеріс әкеледі», – деді ол.

Кездесу соңында партия өкілдері энергетиктердің сұрақтарына жауап берді.