Сайлау-2026: сарапшылар жасанды интеллект пен жалған ақпарат қаупін талқылады

Сарапшылар сайлауда жасанды интеллектіні қолдану мәселесін талқылады

Сайлау-2026: сарапшылар жасанды интеллект пен жалған ақпарат қаупін талқылады
Фото: ҚСЗИ

Астанада ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) ұйымдастырған «САЙЛАУ-2026: медиа және цифрлық платформалар» атты сарапшылар алаңы өтті. Іс-шараға қатысушылар цифрлық дәуірдегі саяси коммуникацияның трансформациясын, сайлауалды үгіт-насихатта жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін, жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылды, сондай-ақ электоралдық мінез-құлықтың заманауи үрдістері мен саяси партияларға қатысты қоғамдық күтулерді талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Саяси коммуникацияның эволюциясына арналған бірінші сессияның модераторы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов болды. Ол жасанды интеллект пен жаңа цифрлық құралдар сайлау науқандарының ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын, алайда басты фактор азаматтардың ақпаратқа деген сенімі болып қала беретінін атап өтті.

«Сондықтан жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану және сайлаушыларды қорғау тетіктерін дамыту алдағы электоралдық циклдерде барған сайын маңызды рөл атқаратын болады», – деді ҚСЗИ директоры.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев ЖИ көмегімен жасалған контентті заңнамалық тұрғыдан реттеу және міндетті түрде таңбалау қажеттігіне тоқталды. Ол цифрлық сауаттылық мәселесіне ерекше назар аударып, азаматтардың жеке деректерін қорғауға жеке қауіпсіздік мәселесіндегідей жауапкершілікпен қарауы қажет екенін айтты. Сонымен қатар вице-министр жасанды интеллект контентінің дұрыс пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің халықаралық цифрлық платформалармен және технологиялық компаниялармен өзара іс-қимылы туралы айтты.

ҚР Президенті жанындағы ОКҚ Дезинформацияға қарсы күрес орталығының басшысы Руслан Бекарсланов жалған ақпаратпен тиімді күресу үшін ресми ақпарат көздерінің жедел жұмысы, фактчекинг мәдениетін дамыту және қоғамның цифрлық сауаттылығын арттыру қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жалған ақпаратты анықтап қана қоймай, оның қалай пайда болып, қандай арналар арқылы таралатынын түсіндіру де маңызды.

Саясаттанушы Талғат Қалиев саяси партиялардың дәстүрлі үгіт-насихаттан парламент қызметі, экономика және кәсіпкерлік мәселелері бойынша ашық саяси пікірталасқа белсенді түрде көшіп жатқанын айтты. Сонымен қатар ол партиялар басшылығының ауқымды жаңаруы қоғамның жаңа тұлғалар мен жаңа идеяларға деген сұранысын көрсететінін атап өтті.

«Бүгінде қоғам саяси кемелденудің табиғи кезеңінен өтіп жатыр. Осы үдерісте сайлаушылар бағдарламаларды өз бетінше бағалауды, популистік мәлімдемелерге сыни көзқараспен қарауды және қоғамдық пікір көшбасшыларының ықпалы артып отырған ақпараттық кеңістікте дұрыс бағдар табуды үйренуде», – деді Талғат Қалиев.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев жасанды интеллект қазіргі саяси коммуникацияның ажырамас бөлігіне айналып, қоғамдық сұранысты талдауға, азаматтармен өзара іс-қимылды жекелендіруге және сайлау науқандарының тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын айтты.

Саясаттанушы Найла Мұхтарова биылғы үгіт-насихат науқанының бұрынғылардан едәуір ерекшеленетінін атап өтті. Оның айтуынша, партиялар алғашқы күндерден-ақ бір-бірінің бағдарламалары мен бастамаларын ашық сынай бастады, бұл жаңа саяси мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

«Теледебаттар бағдарламаларды таныстыратын алаң ғана емес, сонымен қатар азаматтардың сенімін нығайтатын маңызды құралға айналып отыр. Өйткені олар партиялардың өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен қорғау қабілетін бағалауға мүмкіндік береді», – деді саясаттанушы.

Сарапшылар алаңының екінші сессиясында модератор болған Қазақстандық қоғамдық даму институты басқармасының төрағасы Жұлдызай Ысқақова қатысушылармен электоралдық мінез-құлықтың заманауи үрдістерін, қоғамдық сұраныстың трансформациясын және азаматтардың саяси таңдауына әсер ететін факторларды талқылады.

Президенттік орталық директорының орынбасары Мариан Әбішева сайлаушылардың таңдауына партиялардың бағдарламаларының мазмұны, кандидаттардың кәсіби біліктілігі және олардың өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу қабілеті сияқты рационалды факторлардың ықпалы артып келе жатқанын атап өтті.

«Әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижесіне сәйкес, азаматтардың 84%-дан астамы еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты деп бағалайды. Сенім мен қоғамдық оптимизм конституциялық реформаларды жүзеге асырудың маңызды ресурстары болып табылады. Алдағы кезеңде сенімді бүкіл мемлекеттік институттар жүйесіне қатысты нығайту қажет», – деді сарапшы.

Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев Құрылтайды қалыптастыру тәртібіндегі өзгерістер мен олардың электоралдық мәдениеттің дамуына ықпалын талдады. Оның айтуынша, қазіргі сайлау науқаны бұрынғыдан да қарқынды әрі мазмұнды сипат алып, партиялар арасындағы бәсекелестік жаңа деңгейге көтерілді. Сонымен қатар сайлаушылар үгіт-насихаттың тартымдылығына ғана емес, саяси күштердің берген уәделерін орындау қабілетіне және олардың ұйымдастырушылық әлеуетіне де ерекше мән бере бастады.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова электоралдық көңіл күйге жүргізілген зерттеу нәтижелерін таныстырды. Зерттеу деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі сайлауға қатысуға дайын, ал азаматтардың үштен екісі нақты бір саяси партияға дауыс беруге ниетті.

«Қоғамның негізгі сұранысы – тұрақтылықты сақтау, күнделікті мәселелерді тиімді шешу және партиялардың халықпен тікелей диалог орнатуы. Сонымен қатар сайлаушылардың таңдауы саяси бәсекенің деңгейіне және жеті партияның өз бағдарламалары мен идеологиялық ұстанымдарын қаншалықты сенімді ұсына алатынына байланысты болады», – деді ҚСЗИ өкілі.

Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев қазіргі сайлау науқаны партияаралық бәсекенің күшеюімен ерекшеленетінін атап өтті.

«Дәстүрлі үгіт-насихатпен қатар партиялар әлеуметтік желілердегі коммуникацияны белсенді дамытып, пікірталастарды пікірлер алаңында жалғастырып, азаматтармен тұрақты диалог орнатуда. Сонымен бірге қоғамда әділеттілікке, қауіпсіздікке және «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыруға деген жоғары сұраныс қалыптасқан. Азаматтар бұл бастаманы тек абаттандыру мәселесі ретінде емес, саясаттағы адалдық пен жауапкершіліктің көрінісі ретінде қабылдайды», – деді ол.

«Қоғамдық келісім» РММ басқарма басшысы Елдос Жұмағұлов қазақстандықтарды жас ерекшелігіне қарамастан тиімді мемлекеттік басқаруға, әділеттілікке, қауіпсіздікке және елдің дамуына қатысуға деген ортақ сұраныс біріктіретінін айтты.

«Ашық саяси бәсекенің күшеюі азаматтардың саналы таңдау жасауына ықпал етіп, партиялардың сайлауалды бағдарламаларының сапасына, дәлелді ұстанымдарына және жария коммуникациясына қойылатын талаптарды арттырады», – деп атап өтті Елдос Жұмағұлов.

Сарапшылар алаңының қорытындысында қатысушылар қазіргі электоралдық жүйенің табысты дамуы ақпаратқа деген сенімді қамтамасыз етусіз, цифрлық технологияларды жауапкершілікпен пайдаланусыз, мемлекет, саяси партиялар мен қоғам арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды нығайтусыз, сондай-ақ электоралдық мәдениетті дамыту  мен азаматтық белсенділікті арттырусыз мүмкін еместігін атап өтті.