Tarlan Astana-мен жүру үшін енді айлық пен сапар пакеттерін сатып алуға болады

Өзгеріс 1 тамыздан бастап өз күшіне енеді

Tarlan Astana-мен жүру үшін енді айлық пен сапар пакеттерін сатып алуға болады
Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Елордадағы Tarlan Astana желісінде 1 тамыздан бастап жол ақысын төлеудің жаңа жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Енді жолаушылар бір реттік жол жүру билетінен бөлек, бірнеше күнге немесе бірнеше айға арналған жол жүру абонементтерін, сондай-ақ белгілі бір сапар санына есептелген пакеттерді сатып ала алады.

Абонементтердің бағасы мынадай:

  • 1 күн – 500 теңге;
  • 3 күн – 1 500 теңге;
  • 5 күн – 2 500 теңге;
  • 10 күн – 4 000 теңге;
  • 15 күн – 5 000 теңге;
  • 1 ай – 7 500 теңге;
  • 3 ай – 20 000 теңге.

Сондай-ақ жолаушыларға белгіленген сапар саны бойынша пакеттер ұсынылады:

  • 5 сапар – 900 теңге;
  • 10 сапар – 1 800 теңге;
  • 20 сапар – 3 500 теңге;
  • 30 сапар – 5 000 теңге.

Бір күндік және бірнеше күнге арналған абонементтер алғашқы валидациядан кейін іске қосылып, белгіленген мерзімнің соңғы күні аяқталғанша жарамды болады. Ал сапар пакеттері сатып алынған жол жүру саны толық пайдаланылғанға дейін қолданылады.

Абонементтерді стансалардағы кассалардан сатып алып, Tarlan Astana көлік картасына жүктеуге болады. Карта жоғалған жағдайда оның ішіндегі белсенді абонементтер қалпына келтірілмейді және басқа картаға ауыстырылмайды.

Қазіргі уақытта жаңа төлем жүйесі тек Tarlan Astana желісінде ғана жұмыс істейді. Мамандар оны алдағы уақытта Астана қаласының автобус жүйесімен біріктіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.