АҚШ пен Сауд Арабиясы Ирак еліне әуеден соққы жасады: салдарынан 5 ирандық әскери кеңесші қаза тапты

Бағдатта оларды соңғы сапарға шығарып салған

АҚШ пен Сауд Арабиясы Ирак еліне әуеден соққы жасады: салдарынан 5 ирандық әскери кеңесші қаза тапты
Фото: istockphoto.com

Ирактағы «Халықтық мобилизация күштерінің» нысандарына АҚШ пен Сауд Арабиясы жасаған соққылар салдарынан кемінде бес ирандық әскери кеңесші қаза тапты, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл туралы The National басылымы Ирак қауіпсіздік қызметінің өкіліне сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, қаза тапқандар Иран қолдайтын қарулы құрылымдар бірлестігі «Халықтық мобилизация күштерінің» сарбаздарымен бірге қызмет еткен.

Бұған дейін Бағдатта қаза тапқан жасақшыларды соңғы сапарға шығарып салу бойынша қаралы рәсім өтті. Бес табыт Иранның мемлекеттік туымен жабылған.

«Халықтық мобилизация күштерінің» мәліметінше, әуе соққылары салдарынан кемінде 20 адам қаза тауып, тағы бірнешеуі жарақат алған.

29 шілдеде Сауд Арабиясының қорғаныс министрлігі Ирак территориясынан корольдіктің Шығыс провинциясындағы мұнай нысандарына дрон атылып, олардың көзі жойылғанын хабарлады. Осыдан кейін Сауд Арабиясының қарулы күштері АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығымен бірлесе отырып, Ирактағы Иран қолдайтын қарулы топтардың нысандарына соққылар сериясын жасады.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұл операцияның ресми Бағдатпен келісілгенін мәлімдеді, алайда Ирак билігі ел территориясына жасалған соққыларды айыптады.

Мақалада
#АҚШ #Иран #Ирак