Туған бауырмен бірге әскерде: Гвардейск гарнизонында алты жұп егіз қызмет етіп жүр

Гвардейск гарнизонында бір мезгілде алты жұп егіз ағайынды әскери борышын өтеп жүр

Туған бауырмен бірге әскерде: Гвардейск гарнизонында алты жұп егіз қызмет етіп жүр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Гвардейск гарнизонының әскери бөлімдерінде бір мезгілде алты жұп егіз ағайынды Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Сирек кездесетін бұл жағдай жас сарбаздардың әскери өмірге тез бейімделуіне, жауынгерлік даярлығын шыңдап, бір-біріне тірек болуына мүмкіндік беріп отыр. Мұндай ерекше жағдай тек гарнизон көлемінде ғана емес, жалпы Қарулы күштер қатарында да сирек кездеседі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Туған бауырдың жанында болуы жас сарбаздарға жаңа ортаға тез бейімделуге, әскери өмірдің талаптарына үйренуге және күнделікті қызметтің қиындығын жеңіл еңсеруге көмектеседі. Егіздер бір-біріне тірек болып, кез келген тапсырманы бірлесіп орындауға тырысады. Бұл олардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, жауынгерлік рухын да нығайта түседі.

Түркістан облысынан әскерге шақырылған Қонысбай мен Құттыбай Жұмабековтер 30212 әскери бөлімінде жаяу әскер жауынгерлік машинасының көздеуші-операторы мамандығы бойынша даярлықтан өтуде. Олар әскери істің қыр-сырын бірге меңгеріп, оқу-жаттығуларда бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Сарбаздардың айтуынша, туған бауырмен қатар қызмет ету жаңа мамандықты тез игеруге және әр тапсырманы сенімді орындауға ықпал етеді.

Осы бөлімнің автомобиль ротасында алматылық Нұрбол мен Айбол Ұлдахандар да қызмет атқарады. Олар КамАЗ автокөлігінің механик-жүргізушісі мамандығын игеруде. Азаматтық өмірде ағайындылардың таңдаған жолы екі түрлі болған. Нұрбол сәулетшілік бағытында білім алса, Айбол педагог-журналист мамандығын меңгерген. Соған қарамастан, әскери қызметте мақсаттары ортақ.

21450 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген Арсений мен Александр Зайцевтер Түркістан облысының Түлкібас ауданынан шақырылған. Арсений пулеметші, ал Александр гранатаатқыш мамандығын меңгеріп жатыр. Қазақ тілін еркін білетін егіздердің ұқсастығы сырт келбеттерінен ғана емес, мінездері мен іс-әрекеттерінен де байқалады. Олар кез келген тапсырманы ауызбіршілікпен орындауға дағдыланған.

Солтүстік Қазақстан облысының Тоқыш ауылынан келген Владимир мен Геннадий Жирновтар 82796 әскери бөлімінің артиллериялық бөлімшесінде қызмет атқарады. Егіздер қару-жарақ пен әскери техниканы меңгеріп, атыс жүргізу және есептоп құрамында үйлесімді әрекет ету дағдыларын жетілдіріп жүр. Олар үшін де әскери өмірдің басты тірегі – туған бауырдың жанында болуы.

Алматы облысының Жамбыл ауданынан шақырылған Ердос пен Елдос Омаровтар бала кезінен ерекше ұқсастығымен көпшілікті таңғалдырған. Бүгінде олар 01098 әскери бөлімінде бірге қызмет етеді. Ердос байланыс взводының телефон бөлімшесінде желілік бақылаушы болса, Елдос сол бөлімшенің жүргізуші-маманы. Қызмет барысында олар бір-бірін сөзсіз түсініп, кез келген міндетті үйлесімді атқарады.

Талдықорғандық Даниил мен Станислав Алехиндер 82796 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүр. Даниил радиотелефонист қызметін атқарса, Станислав КамАЗ автокөлігінің механик-жүргізушісі. Бос уақыттарында спортпен шұғылданып, кітап оқуды әдетке айналдырған егіздер өздерін жан-жақты дамытуға көңіл бөледі.

«Әскери ортада бауырлардың бір-біріне сүйеніш болуы олардың қызметіне де оң әсерін тигізеді. Ортақ мақсат, өзара сенім және түсіністік әр тапсырманы сапалы орындауға көмектеседі. Сондықтан бұл егіздер тек әскери міндеттерін атқарып қана қоймай, ұйымшылдық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Әрқайсысының өмір жолы әртүрлі болғанымен, бәрін біріктірген ортақ міндет – ел тыныштығын күзету. Олар әскери қызметтің тәртіп пен төзімділікті ғана емес, бауырмалдықты, өзара сенімді және ортақ мақсатқа адалдықты нығайтатынын ісімен дәлелдеп келеді. Бір шаңырақтан түлеп ұшқан егіздердің бір сапта сап түзеуі – кейінгі жас сарбаздарға үлгі, ал қоғам үшін бірлік пен татулықтың жарқын көрінісі», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.