Wildberries қоймасын Қазақстанға көшіруі мүмкін бе: министрлік түсініктеме берді

Маркетплейстің Қазақстан аумағынан қоймаға арналған алаң іздеп жатқаны туралы ақпарат тараған

Wildberries қоймасын Қазақстанға көшіруі мүмкін бе: министрлік түсініктеме берді
Фото: ЖИ/Әбілқасым Есентаев

Сауда және интеграция министрлігі Wildberries компаниясының қойма кешенін Қазақстанға көшіруі мүмкін деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, компаниядан бұл мәселеге қатысты ресми өтініш түспеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін маркетплейстің Қазақстан аумағынан қоймаға арналған алаң іздеп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын.

Министрлік халықаралық ірі сауда платформаларының логистикалық инфрақұрылымының дамуын тұрақты бақылап отырғанын мәлімдеді. Егер Wildberries тарапынан нақты ұсыныс түссе, ол Қазақстанның ұлттық мүддесі мен қолданыстағы заңнама талаптарын ескере отырып қаралады.

«Министрлік үшін халықаралық компаниялардың кез келген жобасы өзара тиімді негізде жүзеге асырылып, еліміздің ұлттық мүдделеріне сай болуы, отандық кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндіктер ашуы және Қазақстан экономикасына инвестиция тартуы аса маңызды», – делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство Қазақстанның транзиттік және логистикалық әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, заманауи қойма инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және трансшекаралық электронды сауданы кеңейтуге бағытталған инвестициялық жобаларды қолдайтынын жеткізді.

Сонымен қатар министрлік тауарларды тасымалдау, сақтау және айналымға шығару Қазақстан заңнамасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық нормаларымен реттелетінін еске салды. Осыған байланысты нарықтың жекелеген қатысушыларына қандай да бір ерекше жеңілдіктер немесе арнайы шарттар қарастырылмаған.