Алматыда ақылы веб-кам студия табылды: бойжеткен мен әкімші қолға түсті (ВИДЕО)

Полиция интимдік онлайн-трансляциялар жүргізілген пәтерден техника мен арнайы жабдықтарды тәркіледі

Алматыда ақылы веб-кам студия табылды: бойжеткен мен әкімші қолға түсті (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Алматыда полицейлер интимдік сипаттағы ақылы интернет-трансляциялар жүргізілген заңсыз вебкам-студияның қызметін тоқтатты. Оқиға орнында студия әкімшісі мен онлайн-эфирге қатысқан қыз ұсталып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, полиция қызметкерлері барған кезде пәтерде онлайн-трансляцияға қатысқан қыз бен студияның әкімшісі болған. Екеуі де полиция бөліміне жеткізілді.

Тінту барысында компьютерлік техника, бейнетүсірілім құралдары, трансляция жүргізуге арналған жабдықтар және тергеу үшін маңызы бар басқа да заттар тәркіленді.

«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта заңсыз студияның қызметін ұйымдастыруға және оның жұмысына қатысы бар барлық тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген ПД хабарламасында.

Полицейлер ескертеді: цифрлық кеңістікте толық анонимділік жоқ. Интернеттегі кез келген заңсыз әрекет ерте ме, кеш пе құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмайды.