Оқиға 20 шілде күні Төле би мен Саин көшелерінің қиылысында болған
Алматыда 25 жастағы Роман есімді қала тұрғыны 84 жастағы әжейді тонаған күдіктіні қолға түсіріп, полицияға тапсырған. Әуезов аудандық полиция басқармасы оған Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, оқиға 20 шілде күні Төле би мен Саин көшелерінің қиылысында болған. Күдікті қарт әйелге шабуыл жасап, ақшасы мен ұялы телефоны бар сөмкесін тартып алып қашқан. Роман басқа куәгерлермен бірге күдіктінің соңынан қуып, полиция келгенге дейін оны ұстап тұрған.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
«Романға батылдығы, батыл шешім қабылдай білгені және бейжай қарамағаны үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Қауіпсіздік – бәрімізге ортақ іс. Қоғам мен полиция бірлесе әрекет еткенде ғана қылмыскерлердің жауапкершіліктен жалтаруы қиындай түседі», – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Мендебаев.