Қызылорда облысында бір ғасырдан астам тарихы бар вокзал жөндеу жұмысынан кейін қайта ашылды
Көне ғимарат 1904 жылы салынған
Қызылорда облысындағы Сексеуіл теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталды. 1904 жылы салынған тарихи вокзал ғимараты ауқымды жаңғырту жұмысынан кейін заманауи келбетке ие болып, жайлылық, қауіпсіздік және энергия тиімділігі бойынша қазіргі талаптарға толық сәйкес келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көлік министрлігінің мәліметінше, реконструкция барысында ғимараттың қасбеті мен шатыры жаңартылып, вокзалдың ішіне күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ энергия үнемдейтін шыны пакеттермен жабдықталған заманауи алюминий витраждар орнатылды. Құрылыс-монтаж жұмысы кезінде отандық өндірістің сапалы әрі ұзақ мерзімге төзімді материалдары пайдаланылды.


Бүгінде Сексеуіл вокзалы жалпы ауданы 454,03 шаршы метрді құрайтын заманауи бір қабатты ғимарат болып саналады. Нысан жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, күту және қызмет көрсету үдерістерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етеді.
«III класты вокзал тәулігіне орта есеппен 300-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Алматы, Астана, Қарағанды, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Жезқазған, Шымкент, Түркістан, Шу, Тараз қалаларына, сондай-ақ Ресей Федерациясына, Өзбекстан Республикасына және Қырғыз Республикасына қатынайтын 30 жолаушылар пойызы жүреді. Айта кету керек, облыс аумағы арқылы жалпы ұзындығы 1051,7 шақырымды құрайтын магистральдық теміржол желісі өтеді. Бүгінде өңірде тәулігіне 15 жолаушылар пойызы қатынайды. Сонымен қатар, облыста 80 шақырымнан астам теміржол жолдарына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр», – делінген министрлік хабарламасында.
Жобаның іске асырылуы еліміздің теміржол инфрақұрылымын дамыту және халыққа көрсетілетін көлік қызметтерінің сапасын арттыру жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Жаңартылған вокзал жолаушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдай қалыптастырып, көрсетілетін қызмет деңгейін арттыруға және теміржол тасымалдарын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.