Ол енді KAZENERGY қауымдастығын басқарады
Экс-экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев KAZENERGY қауымдастығының төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қауымдастықтың баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шешім ұйым мүшелерінің кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданған. Хабарламада Серікқали Брекешевтің мұнай-газ саласы мен мемлекеттік қызметте көпжылдық тәжірибесі бар екені атап өтілген.
Бұған дейін KAZENERGY қауымдастығын 2025 жылдың ақпан айынан бері Болат Ақшолақов басқарған. Жиын барысында оның жетекшілігі кезінде қауымдастықтың мемлекет пен бизнес арасындағы диалог алаңы ретіндегі рөлі күшейіп, мұнай-газ және энергетика саласының мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысы жалғасқаны айтылды.
Сондай-ақ жиынға қатысушылар Болат Ақшолақовқа қауымдастық жұмысына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Қазіргі таңда ол Атырау облысының әкімі қызметін атқарады.
Айта кетейік, Серікқали Брекешев 2021 жылдың қыркүйегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. 2022 жылдың қаңтарында бұл қызметке қайта бекітіліп, 2023 жылдың қаңтарында министр лауазымынан босатылды. Сол жылдың ақпан айынан бері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып келді.