Павлодарда концерт кезінде тұрғындар гүлзарларды таптап кеткен (ВИДЕО)
Әлеуметтік желіде тұрғындардың бұл әрекеті қызу талқыланып жатыр
Павлодар қаласының Орталық жағалауында өткен мерекелік концерт кезінде қала тұрғындары гүлзарлар мен көгалдарды таптап, зақымдаған. Әлеуметтік желіде тұрғындардың бұл әрекеті қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауқымды шараға қатысқан қала тұрғындарының бірі көгалдандыру аумағының бүлінгеніне қатты қынжылғанын жеткізді.
«Концерт керемет өтті, бірақ бір жағдай өте қатты қынжылтты... Қасымызда әдемі гүлзар бар еді. Өкінішке қарай, көптеген адам гүлдерді байқамағансып, үстінен таптап өтіп жатты. Тіпті ескерту жасасаң да пысқырмады. Өзімізден кейін тек жақсы естелік қана емес, айналамызда сұлулықтың сақталғанын қалаймыз», – деп жазды ол парақшасында.
Павлодар облыстық Полиция департаменті Орталық жағалаудағы концерт кезінде тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті толық қамтамасыз еткенін хабарлады.
«Орталық жағалауда концерттік іс-шара өткізу кезінде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Келушілердің көптігіне байланысты кейбір азаматтар гүлзарлар мен көгалдар арқылы жүрген. Полиция адамдар ағынын реттеп, азаматтардың еркін өтуін қамтамасыз ету шараларын қабылдады. Қазіргі уақытта іс-шара барысында болуы мүмкін заңбұзушылықтар мен азаматтардың қозғалысын ұйымдастыру бойынша ақпарат тексерілуде», – деп хабарлады департаменттен.