Алматы облысында салынып жатқан үйдегі өрт сөндірілді
Өрт туралы дабыл 112 қызметіне Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Нұр-Атакент саяжай алабынан түскен
Алматы облысының Іле ауданында құтқарушылар мен «Ауыл құтқарушылары» еріктілер жасағы құрылысы аяқталмаған үйде шыққан өртті ауыздықтады. Жедел әрекеттің арқасында жарылыс қаупінің алды алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт туралы дабыл 112 қызметіне Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Нұр-Атакент саяжай алабынан түскен.
Төтенше жағдай орнына ТЖМ күштері мен Түймебай ауылының ерікті өртке қарсы құрылым өкілдері дереу жетті. Барлау жұмыстары барысында екі қабатты үйдің өртеніп жатқаны белгілі болды.
Өртті сөндіру барысында құтқарушылар ықтимал ірі апаттың алдын алды. Олар өрт ошағынан көлемі 27 литрлік газ баллонын қауіпсіз жерге шығарып, жағдайдың ушығуына жол бермеді. Жалын толықтай сөндірілді, оқиғадан зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.