Көкшетауда көлік жуу орнында 18 жастағы жұмысшы қаза тапты
Тағы бір жасөспірім ауруханаға түсті, полиция істі тергеп жатыр
Көкшетау қаласындағы көлік жуу орындарының бірінде бөлшектеу жұмыстарын жүргізу кезінде 18 жастағы жас жігіт электр тогы соғып, оқиға орнында көз жұмды. Оның кәмелетке толмаған әріптесі жарақат алып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәліметтер бойынша, қайғылы жағдай металл конструкцияны бөлшектеу кезінде болған. Жұмысшылар абайсызда жоғары кернеулі электр желісіне тиіп, ток соққысына ұшыраған. Оқиға салдарынан 18 жастағы азамат қаза тауып, кәмелетке толмаған жасөспірім жарақат алды. Марқұм оқиға орнында көз жұмса, зардап шеккен жасөспірім жедел түрде ауруханаға жеткізілді.
Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері зардап шеккен жасөспірімнің алғашқыда жансақтау бөлімінде бақылауда болғанын, қазіргі таңда жағдайының тұрақты екенін хабарлады.
«Пациенттің жағдайы тұрақты, өміріне тікелей қауіп төніп тұрған жоқ. Ол жағдайын бақылау үшін бірнеше сағат бойы жансақтау бөлімінде болды. Қазіргі уақытта емдеу шаралары толық көлемде жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.