Президенттің бастамасы Маңғыстау мұрасын әлемге паш етті: Қазақстанның киелі нысандары ЮНЕСКО-ның тізіміне енді

Автор: Дәулет Ботагөз

Пусан қаласында Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясы өтті

Фото: t.me/erlankarin

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әрі тікелей қолдауымен Маңғыстаудың жартасты мешіттері (Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан Үпі) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Бүгін Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясында осындай оң шешім қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

ЮНЕСКО тізімінен лайықты орын алу – еліміз үшін зор мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік жүктейтін тарихи жетістік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында Маңғыстаудың жартасты мешіттерін ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын.

«Бұл – Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға. Өйткені, төл мәдени мұрамыз ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне соңғы рет 22 жыл бұрын, яғни 2004 жылы қосылған болатын (2003 жылы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 2004 жылы – Таңбалы петроглифтері). Кейінгі жылдары ғана президенттің бастамасымен бұл бағыттағы жұмыс қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілді», — деп атап өтті ҚР президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин.

Комитеттің 48-ші сессиясында жасаған баяндамасында ол Маңғыстаудың жартасты мешіттері тек құлшылық жасайтын мекен ғана емес, өз заманында білім мен ағартудың өзіндік орталықтары болғанын атап өтті. Бұл жартастарда халқымыздың тарихи жады, ата-бабаларымыздың аманаты сақталған. Осылайша, ЮНЕСКО аталған нысандарды көпғасырлық рухани, мәдени, архитектуралық дәстүрлердің озық үлгісі ретінде мойындады.

Тарихи нысандардың ЮНЕСКО тізіміне енуі әлем назарын кезекті рет Қазақстанға аудартып, отандық туризмге соны серпін әкеледі, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Ерлан Қариннің айтуынша, бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда, Түркістанда, Қызылордада өткен отырыстарында ЮНЕСКО тізімдеріне ұлттық номинацияларды қосу ісін жан-жақты жандандыруды тапсырған еді. Дәлірек айтсақ, алда таза ағаштан салынған Жаркент мешітін, Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуін, Қаратау петроглифтерін және хәкім Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу міндеті тұр. Ендігі күш-жігер осы мақсаттарға бағытталмақ.