Балқаш көлінің жағасында қиындыққа тап болған отбасы құтқарылды

Жолда қалған 6 адам елді мекенге аман-есен жеткізілді

Балқаш көлінің жағасында қиындыққа тап болған отбасы құтқарылды
Фото: ТЖМ

Қарағанды облысында ТЖМ қызметкерлері Балқаш көлінің жағалауында көлігі бұзылып, жолда қалған отбасыға жедел көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдай Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында тіркелді. Тасарал ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан Балқаш көлінің жағалауында ТЖМ құтқарушылары патрульдеу кезінде тоқтап тұрған жеңіл автокөлікті байқаған.

Тексеру барысында көліктің техникалық ақауға байланысты әрі қарай қозғала алмай қалғаны анықталды. Көлік ішінде 6 адам, оның ішінде 4 бала болған. Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болмады.

Құтқарушылар оқиға орнында көліктегі ақауды жоюға көмектесіп, кейін отбасы қауіпсіздігі үшін автокөлікті жақын маңдағы елді мекенге дейін сүйемелдеп жеткізді.

Төтенше жағдайлар министрлігі жазғы демалыс пен саяхат кезінде қауіпсіздік ережелерін берік ұстануды ескертеді.