Нағыз журналист жұлдыз болуға емес, қоғамға пайдалы болуға ұмтылады – Бигелді Ғабдуллин
Бигелді Ғабдуллин бүгінгі журналистиканың басты мәселелерін атады
Белгілі журналист, жазушы Бигелді Ғабдуллин «Қазақ әдебиеті» басылымына берген сұхбатында бүгінгі журналистиканың жай-күйіне баға беріп өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, журналистика өз тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірін бастан кешіріп жатыр. Бүгінгі технологиялар адамзатқа бұрын-соңды болмаған мүмкіндік ашты. Сонымен бірге бұрын болмаған қатерді де ала келді.
«Біз интернетке шектен тыс сеніп кеттік. Кейде оның ақиқаттың қайнар көзі емес, шындық пен жаңсақ пікір, адал ақпарат пен ашық өтірік қатар өмір сүретін кеңістік екенін ұмытып кетеміз. Ал нағыз журналистика ешқашан компьютерден басталмайды, журналистің өзінен басталады. Оның білімінен, мәдениетінен, күмәндана білу қабілетінен, түпнұсқа деректі іздеуге деген табандылығынан, фактілерді салыстырып, ешкім қоюға батпайтын сұрақтарды қоя алуынан туындайды. Мені бір нәрсе қатты алаңдатады. Жас журналистер кітапты бұрынғыдан әлдеқайда аз оқиды. Олар дайын жауапты іздеуге бейім. Ал шынайы журналистика дайын жауап жоқ жерден басталады. Адам кітап оқуды тоқтатқан сәттен бастап өз бетінше ойлау қабілетін біртіндеп жоғалта бастайды. Ал өздігінен ойлай алмайтын адамнан нағыз журналист шықпайды», – дейді жазушы.
Ол сол себепті журналистік білім беру жүйесін түбегейлі қайта қарау қажет деп есептейтінін айрықша атап өтті.
«Біз ұлттық журналистиканың классикалық мектебіне деген құрметті қайта жаңғыртуымыз керек. Интеллектуалдық публицистиканың дәстүрін қайта бағалауымыз керек. Алаш баспасөзінің рухани мұрасын қазіргі цифрлық технологиялармен табиғи сабақтастыра білуіміз қажет. Өйткені журналистика ешқашан жай кәсіп болған емес. Ол – ең алдымен ойлау мәдениеті. Өкінішке қарай, бүгінде журналистиканы блогерлікпен шатастыру жиілеп кетті. Мен талантты блогерлерді құрметтеймін. Десе де блогер мен журналист – екі бөлек ұғым. Блогер, ең алдымен, өз пікірін білдіреді. Ал журналист қоғамдық мүддеге қызмет етуге міндетті. Ол әрбір жариялаған дерегінің ақиқаттығына, әрбір сөзінің салдарына және оқырман сеніміне жауап береді», – дейді Бигелді Ғабдуллин.
Оның айтуынша, тағы бір алаңдататын жайт бар. Кейбір жастар журналистикаға маман болу үшін емес, танымал болу үшін келеді, дейді ол.
«Олар үшін кәсіби беделден гөрі медиадағы атақ маңыздырақ. Бірақ атақ пен абырой – екі басқа ұғым. Нағыз журналист жұлдыз болуға емес, қоғамға пайдалы болуға ұмтылады. Баспасөздің ең қуатты қаруы – сөз. Егер журналист адал, кәсіби және тәуелсіз болса, оның сөзіне ең жоғары лауазымды адамдардың өзі құлақ асуға мәжбүр болады. Сондықтан журналистика қоғамдағы ең маңызды мамандықтардың бірі болып қала береді. Ол үшін журналист өз қадір-қасиетін, интеллектін және жауапкершілік сезімін жоғалтпауға міндетті», – дейді ол.