Сайлау бюллетеніндегі партиялар атауының реті жеребемен анықталды

7 партия жеребе арқылы сандарды таңдады

Сайлау бюллетеніндегі партиялар атауының реті жеребемен анықталды
Фото: Azattyq Ruhy

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған бюллетеньде саяси партиялардың атаулары қандай ретпен орналасатынын белгілеу үшін арнайы жеребе тарту рәсімін өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман жеребе тастаудың ережесін түсіндірді. 7 нөмір бірдей конверттерге салынды. Ал партиялар әліпбидегі тәртіп бойынша жеребеге қатысты.

«Конверт ішіндегі нөмір саяси партияның сайлау бюллетеніне енгізілетін нөмірі болып саналады. Жеребе тарту нәтижесі хаттамаға енгізіліп, оған Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қолдарын қояды. Саяси партиялардың өкілдерін партиялардың атауларын мемлекеттік тілдегі әліпби әрпіне қарай кезекпен шақыру ұсынылады», - деді ол.

Жеребе қорытындысы:

1.«Әділет» партиясы

2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы

3. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы

4. Қазақстан Халық партиясы

5. «Ауыл» партиясы

6. «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық Партиясы

7.«Respublica» партиясы

Жеребе тарту рәсімінің мәні — партиялардың бюллетеньдегі орнын кездейсоқтық қағидаты бойынша анықтау. Бұл тәсіл кез келген саяси партияға артықшылық бермейді және барлық қатысушыларға тең жағдай жасауды көздейді.

Еске сала кетейік, Құрылтай депутаттарын сайлауға жеті саяси партия жіберілген.