«Грантқа түсіреміз»: алаяқтар магистратураға тапсыратындарды арбайтын жаңа әдіс тапты

Автор: Аягөз Құрмаш

Алаяқтар жаңа әдістерін іске асыруға кіріскен

Фото: istockphoto.com

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «кешенді тестілеуден өткізіп береміз», «грант кепілдігін береміз» немесе «тест сұрақтарының дайын жауаптары бар» деген алаяқтық хабарландырулар қаптап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық тестілеу орталығы болашақ магистранттарды мұндай күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады.

Орталықтың өкілдері ескерткендей, әрбір қатысушыға тестілеу кезінде жеке нұсқа құрастырылады. Сонымен қатар тапсырмалар үнемі жаңартылып отырады. Сондықтан ғаламторда тарап жатқан «дайын сұрақтар мен жауаптардың» нақты емтиханға еш қатысы жоқ.

Мамандар тест материалдарын заңсыз таратуға қатысты кез келген факті жіті тексерілетінін жеткізді. Тест тапсырмалары Ұлттық тестілеу орталығының зияткерлік меншігі саналады, ал оны жариялау немесе сату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтырады.

Талапкерлер алаяқтардың сөзіне ермей, академикалық адалдықты сақтағаны және тек өз біліміне сүйенгені жөн.