90-шы жылдарды еске түсіреді: Ақтөбеде бір топ еркек таксиде отырған адамды ұрлап кетті (ВИДЕО)

Жолдағы жанжал адам ұрлаумен аяқталды

90-шы жылдарды еске түсіреді: Ақтөбеде бір топ еркек таксиде отырған адамды ұрлап кетті (ВИДЕО)
Видеодан скриншот

Ақтөбеде адам шошырлық оқиға болды. Бір топ еркек таксиде отырған адамды жүксалғышына салып, ұрлап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 102 арнасына бірнеше ер адамның бір азаматты күштеп автокөліктің жүксалғышына салып, белгісіз бағытқа алып кеткені туралы хабарлама түсті.

Адамды ұрлау сәті оқиға орнынан өтіп бара жатқан автокөліктің бейнетіркегіші арқылы түсіріліп қалған. Бұл бейнежазба қылмыстың мән-жайын анықтау барысында полиция зерттеген негізгі дәлелдердің бірі болды.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерінің қолдауымен күдіктілер мінген Lexus автокөлігін тоқтатып, оларды ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға жол үстіндегі жанжал себеп болған. Жәбірленуші жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатқанда жүргізушінің әрекетіне ескерту жасаған. Осыдан кейін олар сөзге келіп қалған. Кейін күдіктілер жәбірленушінің үйінің маңына келіп, оны күткен. Ер адам таксимен өз шаруасымен шыққан кезде олар көлікпен жолын бөгеп, таксиді тоқтатқан. Артынша жәбірленушіні күштеп көліктен шығарып, Lexus автокөлігінің жүксалғышына салып әкеткен», – делінген ПД хабарламасында.

Аталған факті бойынша адам ұрлау дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.