Астанада Cobalt жүргізушісі ауладағы көлікті соғып кеткені үшін бір ай уақытын қамауда өткізетін болды (ВИДЕО)

Ол жол жиегінде тұрған BYD Han автокөлігін соққан

Астанада Cobalt жүргізушісі ауладағы көлікті соғып кеткені үшін бір ай уақытын қамауда өткізетін болды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Астана қаласында Chevrolet Cobalt жүргізушісі ауладағы көлікті соғып кеткені үшін бір ай уақытын қамауда өткізетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, ол өзгенің көлігін соғып, оқиға болған жерден кетіп қалғаны үшін 30 тәулікке қамалды.

«Астана қаласында Сарайшық көшесі, 7/1-үйдің маңында көлік құралын басқару құқығы жоқ жүргізуші Chevrolet Cobalt автокөлігін кері бағытта жүргізу кезінде жол жиегінде тұрған BYD Han автокөлігіне соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған. Жүргізуші анықталып, ұсталды. Сот шешімімен оған 30 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды», – делінген ПД хабарламасында.

Астана қаласының Полиция департаменті жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу заңнама талаптарын бұзу болып саналатынын және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.