FlyArystan-ның Шымкентке бағыт алған екі ұшағы әуежайға қона алмады

Ұшу-қону жолағының жұмысы қалпына келтірілген соң ұшақтар қайта жолға шықты

FlyArystan-ның Шымкентке бағыт алған екі ұшағы әуежайға қона алмады
Фото: Gov.kz

Шымкентке бағыт алған FlyArystan әуе компаниясының екі ұшағы әуежайдың ұшу-қону жолағының уақытша жабылуына байланысты бағытын өзгертуге мәжбүр болды. Екі рейс те Алматы әуежайына қонды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әуе тасымалдаушысының баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтау – Шымкент бағыты бойынша ұшқан FS7580 рейсі Алматыға қонған. Ал Алматы – Шымкент бағыты бойынша ұшқан FS7105 рейсі әуеге көтерілгеннен кейін қайтадан ұшып шыққан әуежайға оралған.

Ұшу-қону жолағының жұмысы қалпына келтірілген соң, FS7580 рейсі жергілікті уақыт бойынша сағат 01:21-де Шымкентке қайта ұшты. Ал FS7105 рейсі 02:56-да қайта жолға шықты.

Осы жағдайға байланысты Шымкент – Ақтау бағытындағы FS7579 және Шымкент – Алматы бағытындағы FS7106 кері рейстері де кешіктірілді.

FlyArystan компаниясы рейстер бағытының өзгеруі мен кешігулер әуе тасымалдаушысына тәуелсіз себептерге байланысты болғанын мәлімдеді. Компания барлық шешімді қабылдау кезінде ұшу қауіпсіздігіне басымдық берілетінін атап өтті.