Жылу беру маусымына дайындық: Астанада бірнеше күнге ыстық су өшіріледі

Автор: Асыл Арман

Гидравликалық сынақтарды жүргізу – оның ұзақтығы сыналатын жылу желілері учаскесінің ұзындығына және қажетті тексерулердің көлеміне байланысты

Фото: istockphoto.com

«Астана-Теплотранзит» АҚ алдағы жылыту маусымына дайындық аясында 20-24 шілде күндері жылу желілеріне жоспарлы гидравликалық сынақ (қысыммен тексеру) жүргізеді. Осыған байланысты ыстық су уақытша өшіріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Компания мәліметінше, сынақтар қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес өткізіледі және бұл – жылумен жабдықтау жүйесін қысқы кезеңге дайындаудың міндетті кезеңі. Оның негізгі мақсаты – құбырлардың беріктігі мен тығыздығын тексеру, жылу желілерінің нашар тұстарын анықтау және жылыту маусымы басталғанға дейін ықтимал ақауларды уақытылы жою.

«Тұрғындардың көбі ыстық сумен жабдықтау неліктен бірнеше сағатқа емес, кейде 3-4 күнге өшіріледі деген сұрақ қояды. Бұл гидравликалық сынақтардың бірнеше міндетті технологиялық кезеңнен тұратынына байланысты: Сынақ контурын оқшаулау – мамандар сынаққа қатыспайтын учаскелердің шекараларын жабады. Жылу желісін салқындату – қауіпсіздік техникасы талаптарына сәйкес сынақ басталғанға дейін желілік судың температурасы 45°C-қа дейін төмендетіледі. Бұл үшін жүйе арқылы судың айналымын қамтамасыз ететін сорғылар іске қосылады», – делінген «Астана-Теплотранзит» АҚ хабарламасында.

Гидравликалық сынақтарды жүргізу – оның ұзақтығы сыналатын жылу желілері учаскесінің ұзындығына және қажетті тексерулердің көлеміне байланысты.

Тұтынушыларды қайта қосу – сынақтар аяқталғаннан кейін жүйені біртіндеп толтыру және желілік суды жұмыс параметрлеріне дейін кезең-кезеңімен жылыту жүзеге асырылады.

Осы технологиялық процестердің барлығын орындау уақытты талап етеді, сондықтан ыстық сумен жабдықтау сынақтар аяқталған бойда бірден қалпына келтірілмейді.

«Астана-Теплотранзит» АҚ тұрғындардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрайды. Гидравликалық сынақтарды жүргізу жылыту кезеңінде жылу желілерінің сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге және қысқы уақытта апаттық жағдайлардың туындау ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді», – деп жазады «Астана-Теплотранзит» АҚ.