Қандыағаштағы жаппай улану: тойханадағы былықтың беті ашылды

Зардап шеккендерден стафилококк пен ішек таяқшасы анықталды

Қандыағаштағы жаппай улану: тойханадағы былықтың беті ашылды
Фото: istockphoto.com

Қандыағаштағы «Тұмар» мейрамханасында жаппай улану оқиғасына қатысты жүргізілген зертханалық сараптамалар мекеме қызметкерлерінен, асүй жабдықтарынан, тағамдар мен ауыз судан қауіпті бактериялардың барын растады. Тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жолданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Мамандар Қандыағаштағы «Тұмар» тойханасына келушілердің жаппай улануына байланысты эпидемиологиялық тексеруді аяқтады.

Ақтөбе облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жансерік Құлмановтың айтуынша, зертханалық зерттеулер барысында мекеме қызметкерлерінен Staphylococcus aureus (алтын түстес стафилококк) бактериясы анықталған. Мамандардың пікірінше, инфекцияның көзі осы қызметкерлер болуы мүмкін.

Сонымен қатар асүй жабдықтарынан алынған сынамалардан, дайын тағамдардан және ауыз судан ішек таяқшасы тобына жататын бактериялар табылған.

«Зардап шеккендерден стафилококк пен ішек таяқшасы анықталды. Бұл стафилококкты тағамдық токсикоинфекция мен жіті ішек инфекцияларының болғанын көрсетеді», – деді Жансерік Құлманов.

Тексеру барысында санитариялық дәрігерлер көптеген заңбұзушылықты да анықтады. Атап айтқанда, қызметкерлер тағамдарды технологиялық талаптарды бұза отырып дайындаған, қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ өнімдерді пайдаланған, қажетті залалсыздандыру жүргізбеген. Сондай-ақ қызметкерлердің бір бөлігі міндетті медициналық тексеруден өтпей жұмыс істеген.

Эпидемиологиялық тексеру қорытындысы бойынша материалдар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабының 1-бөлігі («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша құқық қорғау органдарына жолданды.

Еске салайық, биыл 19 маусым күні Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында өткен тойдан кейін ауруханаға түскендердің саны күрт артқан болатын. 23 маусымға қарай ауруханаға жеткізілгендер саны 113 адамға жетті. Ал одан бір күн бұрынғы көрсеткіші 102 адам болған, олардың ішінде 14 бала бар еді.

Ресми мәліметке сәйкес, барлығы 188 адам, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 15 бала зардап шеккен. Олардың барлығы осы мейрамханада өткен тойлар мен ас беру рәсімдеріне қатысқан.

Қазіргі уақытта санитариялық қызметтің мәліметінше, зардап шеккендердің барлығы емделіп шығып, медициналық мекемелерден шығарылған.

Оқиғадан кейін мейрамхана қызметі тоқтатылды. Жаппай улану фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.