Бұдан бөлек, арнайы зертханада банкноталардың беріктігі, икемділігі және ұзақ уақыт пайдалануға төзімділігі де тексеріледі екен
Банкнотаңыз кір жуғыш машинаға түсіп кетсе, жаңбыр астында қалса немесе ұзақ уақыт айналымда жүріп тозса, оның сапасы сақтала ма? Ұлттық банк бұл жағдайлардың барлығы алдын ала арнайы сынақтан өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық банк әлеуметтік желісінде жарияланған видеода айтылғандай, жаңа банкноталар айналымға шықпас бұрын ондаған зертханалық сынақтан өтеді екен. Мамандар қағаздың сапасын ғана емес, оның ылғалға, ластануға, температураның өзгеруіне және механикалық әсерге қаншалықты төзімді екенін жан-жақты тексереді.
«Банкноталардың ластануға төзімділігін тексеру үшін күнделікті өмірде кездесетін кір мен түрлі дақтардың қасиетін дәл қайталайтын арнайы қоспа пайдаланылады. Алдымен банкнота қағазының бастапқы сипаттамалары өлшенеді. Кейін ол айналым барысында кездесетін жағдайларды имитациялайтын арнайы құрылғыға салынып, сынақтан өтеді. Осыдан кейін қағаздың қасиеттері қайта өлшеніп, алынған нәтижелер жан-жақты сараланады», – делінген видеода.
Мамандардың айтуынша, банкноталардың әртүрлі температура мен ылғалға төзімділігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Тіпті көпшілік жиі тап болатын жағдай – ақшаны байқамай кір жуғыш машинаға салып жіберу де арнайы сынақ бағдарламасына енгізілген.
«Егер банкнотаны қалтаңызда ұмытып кетіп, киіммен бірге жуып жіберсеңіз, бұл біз үшін тосын жағдай емес. Мұндай сценарий алдын ала қарастырылады. Сынақ кезінде банкноталарды суға, жуғыш заттарға салып, механикалық үйкеліс пен күнделікті тұрмыста кездесетін температуралық әсерлерге ұшыратамыз.Тек содан кейін ғана қағаздың сапасы мен қорғаныш элементтерінің сақталуы бағаланады», – дейді мамандар.
Бұдан бөлек, арнайы зертханада банкноталардың беріктігі, икемділігі және ұзақ уақыт пайдалануға төзімділігі де тексеріледі. Мамандар қорғаныш элементтерінің бүлінбегеніне көз жеткізіп, олардың барлық көрсеткішін қайта өлшейді.
Ұлттық банктің мәліметінше, осындай кешенді зерттеулердің нәтижесінде жаңа технологиялар енгізіліп, айналымда ұзақ уақыт бойы сапасын, қорғаныш қасиеттерін және сенімділігін сақтайтын банкноталар әзірленеді. Сондықтан банкноталар күнделікті қолданыста кездесетін көптеген жағдайларға алдын ала бейімделіп жасалады.