Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды: олар WhatsApp-ты қойып, Telegram арқылы жұртты алдауға көшті

Автор: Асыл Арман

Олар шынайы басшылардың фотосуреттері мен деректерін пайдаланады

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Арампиғылдылар енді WhatsApp-ты қойып, Telegram арқылы жұртты алдауға көшті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, алаяқтар Telegram мессенджері арқылы байланысып, өздерін мемлекеттік органдардың, компаниялар мен ұйымдардың басшылары ретінде таныстырады. Бұл ретте олар шынайы басшылардың фотосуреттері мен деректерін пайдаланады.

Директордың, басшының немесе басқа да лауазымды тұлғаның атынан қаскөйлер қызметкерлерге шұғыл түрде көрсетілген есепшотқа ақша аударуды, қызмет ақысын төлеуді, қандай да бір тауар үшін қаражат жіберуді немесе өзге де қаржылық операцияларды орындауды талап ететін хабарламалар жібереді. Көбіне мұндай хабарламаларды бухгалтерлер, қаржы қызметкерлері және ұйымның қаражатына қолжетімділігі бар тұлғалар алуы мүмкін.

«Егер сіз осындай хабарлама алсаңыз: ақша аудармаңыз және қаржылық операцияларды орындамаңыз; міндетті түрде басшымен телефон арқылы немесе жеке байланысыңыз; телефон нөмірін, жіберушінің аккаунтын және хабарлама мазмұнын мұқият тексеріңіз; күмән туындаған жағдайда хат алмасуды тоқтатып, болған жағдай туралы басшылыққа және жауапты қызметкерлерге хабарлаңыз. Сіздің қырағылығыңыз ақшаңызды сақтауға және алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі», – деді ІІМ өкілдері.