ІІМ: Қазақстанда соңғы 10 күнде 760 кг есірткі табылды

Оның ішінде 121 келіден астамы – синтетикалық есірткі

Астанада полиция қызметкерлері қаланың 26 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Оны тінту және жалға алынған тұрғын үйін тексеру барысында салмағы 245 грамм болатын 227 орам а-PVP синтетикалық есірткіcі тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, күдікті оны қала аумағында өткізбек болған. Шілде айының бірінші онкүндігінде ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті аумақтық бөліністермен өзара іс-қимыл жасай отырып, барлығы 187 есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Оның ішінде 86 қылмыстық терісқылық және 101 қылмыс бар.

Он күн ішінде есірткіні сатудың 46, аса ірі мөлшерде сақтаудың төрт, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді егудің 40 фактісінің жолы кесілді. Сондай-ақ есірткі контрабандасының төрт фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан 266 кг прекурсор мен 760 кг есірткі, оның ішінде 121 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

«Жазғы демалыс кезінде жоғары сынып оқушылары мен студенттер арасында нашақорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге ерекше назар аударылып отыр. Алғашқы онкүндікте алты мың жасөспірім мен жастарды қамти отырып, 145 профилактикалық іс-шара өткізілді. Ішкі істер министрлігі азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ жастарды есірткі ортасына тарту фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырады», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.