Сот бұрынғы вице-министрдің жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен алмастыру туралы өтінішін қанағаттандырды
Бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов колониядан мерзімінен бұрын босатылды. Бұл ақпаратты ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін оның бостандыққа шыққаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған болатын. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, сот Қожағапановтың өтелмеген жаза мерзімін неғұрлым жеңіл жаза түрімен алмастыру туралы шешім қабылдаған.
«Аталған сотталған азамат қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан. Сот шешімі негізінде өтелмеген екі айлық жаза неғұрлым жеңіл жаза түріне – айыппұлға ауыстырылды», – деп мәлімдеді ҚАЖК.
Еске салайық, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурыз айында ұстаған болатын. Оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және 1 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген айып тағылды.
2025 жылдың мамыр айында сот оны қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырды. Тергеу дерегінше, ол жеке компанияның мүддесіне әрекет етіп, 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға арналған келісімшарттың жасалуына ықпал еткен.
Мемлекеттік айыптаушы бұрынғы вице-министрге жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, 910 миллион теңгеден астам қаржының бір бөлігі аффилиирленген компаниялармен жасалған жалған келісімшарттар арқылы шығарылған.
2025 жылдың қыркүйегінде апелляциялық сот Ерлан Қожағапановқа қатысты шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырған болатын.