Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қазақстаннан БАӘ-ге рейстер тоқтатылды
Әуе компаниялары қауіпсіздік мақсатында Дубай бағытындағы бірқатар рейсті кейінге шегеріп, кейбірін толықтай тоқтатты
Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Біріккен Араб Әмірліктеріне қатынайтын рейстердің уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy әуе тасымалдаушысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай шешім Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты қабылданған.
Төмендегі рейстер тоқтатылды:
-
13 және 14 шілдеге жоспарланған KC897/898 Алматы – Дубай – Алматы рейстері;
-
14 шілдеге жоспарланған KC205/206 Астана – Дубай – Астана рейстері.
Жолаушылар билеттердің толық құнын сатып алған жері арқылы қайтара алады немесе 12–18 шілде аралығына жоспарланған рейстердегі билеттерін 31 шілдені қоса алғандағы кез келген рейске қосымша ақысыз ауыстыру мүмкіндігіне ие.
Air Astana компаниясы жағдайды жіті бақылап отырғанын және жолаушыларды елге қайтару мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ұшу кестесіне енгізілетін кейінгі өзгерістер туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.
Еске салайық, 12 шілде күні таңертең Астанадан Дубайға бағыт алған Air Astana ұшағы әуеде кері бұрылып, ұшып шыққан әуежайға қайта оралды. Сол күні таңертең Алматыдан Дубайға жоспарланған рейс те тоқтатылған болатын.