Астанадағы қоқыс полигонындағы ірі өрт толықтай сөнді

Өртті сөндіру жұмыстары бірнеше тәулікке созылып, оған ондаған құтқарушы мен арнайы техника жұмылдырылды

Астанадағы қоқыс полигонындағы ірі өрт толықтай сөнді
Фото: ҚР ТЖМ

Астананың Байқоңыр ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан өрт толықтай сөндірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Өрт сөндірушілер бірнеше тәулік бойы үш гектар аумақты шарпыған тілсіз жаумен үздіксіз күресті. Қою түтін, өткір иіс және 40 градусқа жуық аптап ыстыққа қарамастан, ТЖМ бөлімшелері полигонда тәулік бойы жұмыс істеп, өрттің одан әрі таралуына жол бермеді.

Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Өртті сөндірумен қатар, жану ошақтарын тұмшалап, жалынның қайта тұтануына жол бермеу үшін полигон аумағына топырақ пен басқа да инертті материалдар үздіксіз төгілді. Бұл жұмыстарға әкімдік инженерлік және құрылыс техникаларын жұмылдырды. Жалпы полигонға шамамен 15 мың тонна инертті материал жеткізілді. Соның нәтижесінде полигон аумағының басым бөлігі жабылып, өрт ошақтары толық оқшауланды.

Төтенше жағдайлар министрлігі бірнеше күн бойы күрделі жағдайда жұмыс істеген өрт сөндірушілердің еңбегін көрсететін бейнежазбаны жариялады. Өртті сөндіруге ТЖД бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың шамамен 120 қызметкері және 150 бірлік техникасы тартылды.

Еске салайық, өрт 10 шілдеде басталған болатын. Оны сөндіру жұмыстары қалың түтін мен үйілген қоқыстың тұрақсыз болуына байланысты күрделене түсті. Жалынды оқшаулау үшін өрт сөндірушілер ұзындығы шамамен 200 метр болатын уақытша үйінді тұрғызған еді.