Синоптиктер үш қала тұрғындарына ауа сапасына байланысты ескерту жасады

Мұндай жағдайда атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттар жиналады

Синоптиктер үш қала тұрғындарына ауа сапасына байланысты ескерту жасады
Фото: © istockphoto.com

12 шілдеде Қазақстанның үш қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып, ауа сапасы нашарлауы мүмкін. «Қазгидромет» тұрғындарға ашық ауада ұзақ жүрмеуге кеңес берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қай қалаларда ауа сапасы нашарлауы мүмкін?

«Қазгидромет» мәліметінше, 12 шілдеде қолайсыз метеорологиялық жағдай мына қалаларда күтіледі:

  • Қостанай;
  • Алматы;
  • Астана.

Мұндай жағдайда атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттар жиналып, ауа ластануы мүмкін.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай деген не?

Қолайсыз метеорологиялық жағдай желдің болмауы немесе әлсіз соғуы, тұман және температуралық инверсия секілді қысқа мерзімді ауа райы құбылыстары кезінде қалыптасады.

Олар ластаушы заттардың ауада таралуына кедергі келтіріп, жерге жақын атмосфера қабатында жиналуына әсер етеді.

Тұрғындарға қандай кеңес берілді?

Синоптиктер қала тұрғындарына ашық ауада ұзақ уақыт болмауға, әсіресе көлік көп жүретін жолдар мен өзге де ластану көздерінің маңында серуендеуді шектеуге кеңес береді.

Өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру ұсынылады.