Отбасылық жанжалдан кейін боксшы Теміртас Жүсіпов алғаш рет мәлімдеме жасады

Автор: Алмас Ерсін

Боксшы мен жұбайы татуласқанын айтып, қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш берілгенін мәлімдеді

Фото: ҚР ҰОК

Қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов жұбайы Айжанмен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айыптаулардан кейін алғаш рет бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ерлі-зайыптылардың айтуынша, олар болған жағдайды ашық талқылап, өзара түсіністікке келген және отбасын сақтап қалу туралы ортақ шешім қабылдаған. Айжан Жүсіпова қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш бергенін айтты.

Теміртас Жүсіпов жұбайымен арасында шынымен де күрделі отбасылық жанжал болғанын мойындады. Алайда спортшының сөзінше, қазір арадағы келіспеушіліктер артта қалып, татуласу туралы шешім екеуара қабылданған.

«Иә, арамызда отбасылық жанжал болды. Екеуміз де қорытынды шығардық, байыппен сөйлестік және отбасымызды сақтап қалу туралы ортақ шешімге келдік. Біздің бұл шешімімізге және жеке өмірімізге құрметпен қарауларыңызды сұраймыз», – деді Теміртас Жүсіпов.

Айжан Жүсіпова күйеуімен татуласу туралы шешімді өз еркімен қабылдағанын ерекше атап өтті.

«Өзімнің атымнан айтқым келеді: арызымды қайтарып алып, қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш беру шешімін ешқандай қысымсыз, өз еркіммен қабылдадым. Маған ешкім қысым көрсеткен жоқ», – деді ол.

Мәлімдеме соңында ерлі-зайыптылар қоғам өкілдерінен олардың жеке өміріне араласпауын және таңдауларына құрметпен қарауын сұрады.

Еске салайық, айдың басында Айжан Жүсіпованың туысы әлеуметтік желіде белгілі қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов әйелін соққыға жықты деген ақпарат жариялаған болатын. Оның әпкесінің айтуынша, күдікті ұсталғаннан кейін шамамен бес сағаттан соң босатылған. Туыстары адвокаттың пікіріне сүйене отырып, келтірілген жарақаттардың сипаты бұл оқиғаға құқықтық тұрғыдан қатаңырақ баға беруді талап етеді деп есептейді. Ал Ақмола облысының полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растаған еді.