Бишімбаев ісіндегі бұрынғы прокурор Құрылтай депутаттығына ұсынылуына қатысты пікір білдірді

Айжан Аймағанова сайлауға қатысу туралы шешімінің себебін түсіндіріп, қоғамдық қызметін жалғастыруға ниетті екенін айтты

Бишімбаев ісіндегі бұрынғы прокурор Құрылтай депутаттығына ұсынылуына қатысты пікір білдірді
Фото: instagram.com/stories/aimaganova_a

Ұлттық экономиканың бұрынғы министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы болған Айжан Аймағанова «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына ұсынылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айжан Аймағанова соңғы күндері әлеуметтік желілерде өзінің партия атынан депутаттыққа ұсынылғаны туралы ақпарат қызу талқыланып жатқанын айтып, бұл мәселеге жеке түсініктеме беруді жөн көргенін жеткізді.

«Көп жыл бойы прокуратура органдарында қызмет атқардым. Мен үшін бұл әрдайым заңға, мемлекетке қызмет ету және азаматтардың құқықтарын қорғау болды. Кандидат ретінде ұсынылуыма байланысты прокуратурадағы қызметімнен кеттім. Бұл – заң талабы, мен оны орындадым», – деп жазды бұрынғы прокурор Instagram парақшасында.

Ол бұл шешімді саналы түрде қабылдағанын атап өтті.

«Кәсіби тәжірибем мен білімім заң шығару қызметінде, сондай-ақ азаматтарды толғандыратын мәселелерді шешуде пайдалы болады деп сенемін. Қолдау білдіріп, сұрақ қойып, назар аударған баршаңызға алғыс айтамын. Бұл мен үшін маңызды. Алда ауқымды жұмыс тұр, мен ашық диалогқа дайынмын», – деді Айжан Аймағанова.

Бұған дейін Астанада өткен «Әділет» партиясының III кезектен тыс съезінде Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізімі бекітілгені хабарланған болатын.

Еске салайық, Қуандық Бишімбаевтың азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенова 2023 жылғы 9 қарашада аса қатыгездікпен өлтірілген еді. 2024 жылдың мамырында бұрынғы ұлттық экономика министрі азаматтық жұбайын аса қатыгездікпен өлтіріп, азаптағаны үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды.