«Болашақ ойындары-2026»: Бектенов Астанадағы спорт нысандарының дайындығын тексерді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада 29 шілде күні «Болашақ ойындары-2026» халықаралық фиджитал-турнирі басталады

«Болашақ ойындары-2026»: Бектенов Астанадағы спорт нысандарының дайындығын тексерді
Фото: Үкімет

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада 29 шілде күні «Болашақ ойындары-2026» халықаралық фиджитал-турнирі басталады. Премьер-министр Олжас Бектенов Астананың спорттық және қалалық инфрақұрылымын үшінші халықаралық мультиспорттық турнирді өткізуге дайындау барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жарыс Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Латын Америкасының 35 елінен мыңға жуық спортшының басын біріктіреді. Шет мемлекеттердің басшылары, халықаралық спорт ұйымдарының басшылығы және цифрлық индустрияның ірі көшбасшы компаниялары салтанатты ашылу рәсіміне қатысатындарын растады. 

«Болашақ ойындары-2026» (Games of the Future 2026) – дәстүрлі спорт пен цифрлық сайыстарды біріктіретін жаңа буынның фиджитал-турнирі. Жарыстар 4 алаңда өтеді, олар: «Барыс Арена» көпфункционалды мұз сарайы, «QAZAQSTAN» жеңіл атлетикалық спорт кешені, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы және Beeline Arena ұлттық теннис орталығы.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов нысандардың дайындығы және олардың гибридті форматқа бейімделуі жөнінде баяндады. Цифрлық жабдықтың үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілді. Турнирге қатысушылар мен қонақтарды қабылдауға арналған алаңдар дайындалды, сондай-ақ мыңнан астам адамы бар еріктілер орталығының жұмысы үшін қажетті жағдайлар жасалды. Қауіпсіздікке, логистикаға, сондай-ақ сервистік қызмет көрсету деңгейіне ерекше назар аударылды. 

Турнирге қатысушылар 8 сайыс бойынша өнер көрсетеді, олар: фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-атқыштар, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-би, Battle Royale, сондай-ақ дербес компьютерлер мен мобильді құрылғылардағы MOBA (Multiplayer Online Battle Arena). Турнирдің жалпы жүлде қоры $4 млн-нан асады. Қазақстан атынан «Болашақ ойындары-2026» турниріндегі барлық 8 сайыс бойынша 11 команда өнер көрсетеді.

Турнир демеушілердің үлкен қолдауымен өткізілгелі отыр. Салалық ведомствоның бағалауы бойынша, іс-шараға 10 мың шетелдік турист келеді. Бұл қонақ үй, көлік және сервис салаларындағы қызметтердің дамуына айтарлықтай серпін береді. 

Премьер-министр турнирді өткізуге қатысы бар барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.