Алматы метросында екі жас жігіт төбелесіп, полицияның алдынан бір-ақ шықты (ВИДЕО)

Олар айыппұл төлейді

Алматы метросында екі жас жігіт төбелесіп, полицияның алдынан бір-ақ шықты (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Алматы метрополитенінде қозғалыстағы пойыз ішінде басталып, кейін станция платформасында жалғасқан жолаушылар арасындағы төбелес заңдық тұрғыдан өз жазасын тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тәртіп сақшыларының жедел араласуы нәтижесінде жанжалға қатысушы екі азамат ұсталып, оларға қатысты жиналған материалдар сотқа жолданған болатын.

Сот істі қарау қорытындысы бойынша құқық бұзушыларды «ұсақ бұзақылық» жасағаны үшін айыпты деп танып, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Енді олардың әрқайсысы мемлекет пайдасына 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл төлейді.

Полиция департаменті қоғамдық көліктегі кез келген агрессия көріністері мен қоғамдық тәртіпті бұзу әрекеттері ерекше бақылауда екенін қатаң ескертті. Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, жанжалдың қандай жағдайда басталғанына қарамастан, заңды белден басқандардың әрекетіне міндетті түрде құқықтық баға беріліп, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылады.