Оқиға орнына шұғыл түрде «Буран-813» патрульдік экипажы бағытталды
Алматы қаласының Түрксіб ауданында жергілікті тұрғын есірткі затын іздеп жүрген күдіктіні полиция жасағы жеткенше өзі құрықтады. Белсенді азамат құқық бұзушыны дер кезінде ұстап, тәртіп сақшыларына аман-есен табыстаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға аудандағы жеке секторлардың бірінде болған. Тұрғындар көшеде күмәнді әрекеттер жасап, жер шұқылап, есірткі жасырын өнімдерін іздеп жүрген белгісіз ер адамды байқап, бірден полицияға хабар берген. Ақпарат түскен бойда оқиға орнына шұғыл түрде «Буран-813» патрульдік экипажы бағытталды.
Алайда, патрульдік көлік жеткенше, сол маңдағы үйлердің бірінің тұрғыны заңсыздыққа бейжай қарамай, күдіктіні өз бетінше ұстап, қашып кетуіне жол бермеген.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы ұсталған азаматты ресми түрде тінту мен тексеру шараларына кірісті. Тексеру барысында күдіктіге қатысты бірқатар дерек анықталды. Ол 33 жастағы, еш жерде жұмыс істемейтін Алматы қаласының тұрғыны болып шыққан. Жеке тінту кезінде қалтасынан ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше орама табылып, тәркіленді. Күдікті өз жауабында есірткіге тәуелді екенін мойындап, бұл аумаққа «жылдамдық» деп аталатын синтетикалық есірткіні іздеп келгенін айтқан.
Қазіргі уақытта тәркіленген ұнтақ заттың нақты құрамы мен шығу тегін анықтау мақсатында сот-химиялық сараптамасы тағайындалды.
Полиция департаментінің өкілдері азаматтардың мұндай белсенділігі мен құқықтық сауаттылығы қылмыспен күресте үлкен рөл атқаратынын атап өтті.
«Тұрғындардың уақытылы хабарлауы мен бейжай қарамауының арқасында заңсыз әрекеттердің жолы жедел кесіліп жатыр. Қоғам қауіпсіздігін бірге қорғауға атсалысқан азаматтарға алғыс білдіреміз», — деп мәлімдеді полициядан.