Freedom компаниясы Астанадағы дрон-шоуға қатысты пікір білдірді

Автор: Дәулет Ботагөз

Компания өздерінің атқаратын рөлін нақтылап, бұл жобада тек серіктес ретінде әрекет еткенін алға тартты

Фото: Threads

Астана қаласында өткен дрон-шоу кезінде аспанда жеке компания логотипінің көрсетілуі әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Осыған байланысты Freedom Ticketon компаниясы ресми мәлімдеме жасап, жағдайдың мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына жолдаған мәлімдемесінде компания өкілдері аспандағы бағдарламаға тікелей қатысы жоқ екенін атап өткен. Компания өздерінің атқаратын рөлін нақтылап, бұл жобада тек серіктес ретінде әрекет еткенін алға тартты.

«Freedom Ticketon – Энрике Иглесиас концертінің билет операторы және оны ілгерілету бойынша серіктесі ғана. Біз бұл дрон-шоудың ұйымдастырушысы емеспіз», — делінген ресми хабарламада.

Сонымен қатар, компания өкілдері шоу бағдарламасы мен оның мазмұнына қатысты туындаған сұрақтар бойынша негізгі ұйымдастырушының ресми түсініктемесіне сілтеме жасады.

Желіде тараған сын-ескертпелер мен наразылықтардан кейін компания басшылығы бұл жағдайға үлкен жауапкершілікпен қарайтынын жеткізді. Олар брендтің атауы араласатын кез келген жоба қоғамға тек жағымды әсер сыйлауы тиіс екенін мойындап отыр.

«Пікір білдіріп, өз ойын бөліскен баршаңызға алғыс айтамыз. Біз сіздер үшін сүйікті іс-шараларға билет алуға көмектесетін сервис болып қала береміз және Freedom бренді тек жарқын эмоциямен байланысты болғанын  қалаймыз», – деп түйіндеді компания өкілдері.