Қазақстанда үш күн ішінде полиция бөлімшелеріне екі мыңнан астам бала жеткізілді

Автор: Дәулет Ботагөз

Сонымен қатар 1,8 мыңға жуық ата-ана жауапқа тартылды

Фото: ІІМ

Қазақстанның тоғыз өңірінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды профилактикалық рейдтер өтті. Үш күнге созылған шараның қорытындысы бойынша полиция бөлімшелеріне 2400-ден астам жасөспірім жеткізіліп, 1,8 мыңға жуық ата-ана жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауқымды тексеріс шараларына 3 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Рейдтер Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Абай және Ұлытау өңірлерінде ұйымдастырылды.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, арнайы іс-шара барысында полиция бөлімшелеріне нақты 2 400-ден астам кәмелетке толмаған бала жеткізілген.

Анықталғандардың ішінде 1 500-ден астам жасөспірім әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылса, мыңға жуық кәмелетке толмаған бала көшеде қараусыз әрі панасыз жүрген жерінен анықталған.

Жалпы алғанда, үш күн ішінде полицейлер кәмелетке толмағандар тарапынан немесе оларға қатысты жасалған 4 мыңға жуық әкімшілік заң бұзушылықты тіркеді.

Рейд барысында бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған ересектер де назардан тыс қалмады. Заң аясында бірқатар шара қабылданды. Балаларына тиісті деңгейде тәрбие бермей, ата-аналық міндетін орындамаған 257 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 1 500-ге жуық ата-ана кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз далада немесе ойын-сауық орындарында жүргені үшін әкімшілік жауапқа тартылған.

Игі шараның нәтижесі де жоқ емес. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, алдын алу жұмыстары жүргізілген күндері аталған өңірлерде жасөспірімдер арасында бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

«Профилактикалық іс-шаралар өткізілген кезеңде бұл өңірлерде кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған ешқандай қылмыстық дерек болған жоқ», — деп мәлімдеді мекеме өкілдері.

Ішкі істер органдары балалардың қауіпсіздігін нығайту мен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мұндай ауқымды түнгі рейдтерді алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіп тұруды жоспарлап отыр.