Астанада мерекеге орай көлік қозғалысы шектеледі: әкімдік ескерту жасады

Автор: Дәулет Ботагөз

6 шілде күні «Астана Арена» стадионының алаңында Елорда күніне арналған Open Air форматындағы үлкен мерекелік концерт өтеді

Фото: © istockphoto.com

Астанада Елорда күніне орай ауқымды концерт өтеді. Осыған байланысты «Астана Арена» стадионының маңында көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми мәліметке сүйенсек, 6 шілде күні «Астана Арена» стадионының алаңында Елорда күніне арналған Open Air форматындағы үлкен мерекелік концерт жоспарланған.

«Мерекелік шараға келушілерге қолайлы жағдай жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Астана Арена» стадионы ауданында – «Алау» мұз айдыны сарайы мен «Сарыарқа» велотрегі жағынан көлік қозғалысы уақытша шектеледі», — деп мәлімдеді елорда әкімдігінен.

Қалалық қызметтер мен тәртіп сақшылары елорда тұрғындары мен қонақтарына, әсіресе автокөлік жүргізушілеріне өз бағыттарын алдын ала жоспарлауды ұсынады. Концерт уақытында аталған көшелерде кептеліс болып, қозғалыс қиындауы мүмкін екенін ескерген жөн.

Мерекелік шаралар аясында қала тұрғындары үшін қоғамдық көліктердің жұмысы да күшейтілмек.