Елордадағы Tarlan Astana (LRT) желісінде өрт шықты

Автор: Асыл Арман

Өрттің шығу себептері анықталып жатыр

Фото: Видеодан скрин

Бүгін күндіз елордадағы Tarlan Astana (LRT) желісінде түтін шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала тұрғындарының мәліметінше, оқиға «Бәйтерек» пен «Сығанақ» станцияларының арасындағы учаскеде болған. Түтін шыққаннан кейін LRT пойыздарының қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жедел жетті.

ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Есіл ауданындағы LRT желісінде теміржол бойындағы электр кабельдері жанған.

«LRT мамандары электрмен жабдықтау жүйесін ажыратқаннан кейін, ТЖМ қызметкерлері Vario Carbon автономды арқалық өрт сөндіргішінің көмегімен бір метр аумақтағы өртті сөндірді», – деп хабарлады ведомство.

Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.