Оқиға орнында көз жұмды: Алматыда жедел жәрдем көлігі мопед жүргізушісін қағып кетті
Тергеу амалдары жүріп жатыр
Шаһардың Алатау ауданында адам өліміне әкеп соққан қайғылы жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция таратқан ресми мәліметке сәйкес, оқиға кеше кешкісін сағат 21:00 шамасында болған. Райымбек даңғылымен шығыс бағытта бара жатқан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Фуркат көшесінің қиылысында даңғыл бойымен батысқа қарай қозғалып бара жатқан электромопед жүргізушісін қағып кеткен.
Өкінішке қарай, жол апаты салдарынан электромопед жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
«Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Алматы қалалық полиция департаментінің Анықтау басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тиісті сот-медициналық және техникалық сараптамалар тағайындалды», - делінген хабарламада.