Аустралия әлемде бірінші болып 16 жасқа толмағандарға тыйым салған
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен қыркүйек айында әлеуметтік желілерді пайдалануға қатысты жалпыеуропалық жас шектеулерін енгізу жоспарын жариялауды көздеп отыр. Бұл туралы Euractiv порталы хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Мәліметтерге сәйкес, фон дер Ляйен бұл бастаманы 16 қыркүйекте Еуроодақтағы жағдай туралы жыл сайынғы жолдауы барысында таныстыруы мүмкін. Күтіліп отырғандай, бұл сандық платформаларды белгіленген жасқа толмаған балалардың аккаунт ашуына жол бермеуге міндеттейтін жалпыеуропалық ережелерді әзірлеуді көздейді.
Басылым мәліметінше, бастаманың түпкілікті форматы әлі нақтыланған жоқ. Атап айтқанда, Еурокомиссия ең төменгі жас шегі қандай болатынын және жасты міндетті түрде тексеру немесе ата-ананың келісімін алу механизмдерінің қолданылатынын әлі шешкен жоқ. Портал дереккөздері интернетте балаларды қорғау жөніндегі сарапшылар тобының ұсыныстары 13 шілдеде ұсынылатынын және олар болашақ заңнамалық бастамалардың негізіне айналатынын хабарлады.
Порталдың жазуынша, интернетте кәмелетке толмағандарды қорғау мәселесі фон дер Ляйеннің екінші мерзімдегі қызметінің негізгі басымдықтарының біріне айналды. Еуроодақтың бірқатар мемлекеті, оның ішінде Франция, Испания, Германия, Дания және Грекия балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты өз шектеулерін әзірлеп жатыр. Ал Аустралия әлемде бірінші болып 16 жасқа толмағандарға ірі әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салған болатын.