Иранда Әли Хаменеидің жерлеу рәсімін төрт айдан кейін өткізгелі отыр
Ол ақпанда қаза тапқан
Иранның бұрынғы жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеидің қазасына кінәлілер жауапқа тартылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Иранның ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Мохаммад-Багер Зульгадр мәлімдеді.
«Ұлы Хаменеи мен Иранның өзге де шәһидтерінің (құрбандарының) жазықсыз төгілген қаны үшін кек алу туралы іс ашық және бұл қылмыстарға кінәлілер кейінге қалдырылмайды, тиісті уақытта жазаланады», - делінген X әлеуметтік желісіндегі жарияланымда.
Ал Әли Хаменеиді жерлеу рәсімі 4 шілдеде Тегерандағы «Мосалла» кешенінің алаңында басталады, онда халықтың жаппай қоштасу рәсімі өтеді, ал келесі күні жаназа намазы мен қаралы шеру жоспарланған.
Рәсімдер Құм және Мешхед қалаларында да ұйымдастырылады, сондай-ақ шииттік ислам үшін қасиетті саналатын Ирактың Наджаф және Кербела қалаларында бөлек іс-шаралар өтеді. Хаменеиді түпкілікті жерлеу рәсімі 9 шілдеге Мешхед қаласына белгіленген.
Агенттік мәліметінше, 30-дан астам ел рәсімдерге қатысуға ниет білдірген, сонымен қатар 90-нан астам мемлекеттің діни лидерлері де қатысатынын растаған.
Иран СІМ-нің ресми өкілі Исмаил Багаи іс-шаралардың өткізілетінін және аймақ елдері мен өзге де мемлекеттердің ресми тұлғалары бұған қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Рәсімдерді Иран ішінде де, шетелде де үйлестіру үшін бірыңғай ұлттық штаб құрылды, Ирак та өз тарапынан жеке үйлестіру орталығын жасақтады.
Хаменеимен ресми қоштасу рәсімі оның 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққылары салдарынан қаза тапқанынан кейін, араға шамамен төрт ай салып барып өткізілгелі отыр.
Бұл кешігу аймақтағы қақтығыстың жалғасуына, келіссөздер процесіне және соның нәтижесінде АҚШ-пен соққыларды тоқтату туралы келісімге қол жеткізілуіне байланысты болды.